Астана қаласының әкімі қаланы энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың ең үздік қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыс етті

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, қаланы энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың ең үздік қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыс етіп, астарына темір тұлпар мінгізді.

Бүгін қала әкімдігінде коммуналдық қызметтердің қысқы-күзгі кезеңдегі жұмыстарын қорытындылауға арналған кеңес өтті. Онда қала басшысы: «2009-2010 жылғы күзгі-қысқы маусымда атқарылған жұмыстарға Елбасы жоғары баға берді. Мен де жұмыстар ұйымдасқан түрде атқарылғандығын атап өткім келеді. Мемлекет басшысының атынан сіздерге алғысымды білдіремін. Себебі қала қыстан аман-есен шығу үшін тиісті ұжымдар қажырлы еңбек етті. Олардың арасында өздерінің кәсіби міндеттерін абыроймен атқарғандары бар», - деп атап өтті.

И.Тасмағамбетов адал еңбегімен көзге түскен және баспанаға аса зәру «Астана-Энергия» АҚ-ның алты жұмыскеріне пәтер кілттерін табыс етсе, осы кәсіпорын мен 1-Жылу электр орталығының, «Қалалық электр желілері» АҚ-ның, «Астана-Жылутранзит» АҚ-ның және «Астанақұрылысэнерго» АҚ-ның бес қызметкеріне ВАЗ-2107 автокөліктерінің кілттерін берді.