Астана қаласының ауа ластануы тиісті нормадан аспаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада атмосфераның ластану индексі осы жылдың қаңтар-қараша айларында 4,91 бірлікті құрады, сәйкесінше ластану деңгейі төмен.

Бұл туралы  Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев айтты, деп хабарлайды әкімдіктің медиа орталығы .

«Астананың атмосфералық ауаның ластаушылардың негізгі үлесін құрайтындар: автокөлік құралдары - 53 %,  ЖЭС-1 және ЖЭС-2 - 25%,  басқа стационарлық көздері (автономды қазандық, жеке кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер) - 17%», - деп атап өтті Елорданың ауа бассейнінің ластануына арналған брифинг барысында энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев.

Елордада стационарлық көздерден шығарындыларды қысқарту мақсатында бірқатар экологиялық іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Астана-Энергия» АҚ табиғатты қорғау іс-шаралары бойынша азот тотықтарын басу, күлді азайту бойынша жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде астаналық ЖЭС жылына 450 тонна күл  шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік алды.

«Жыл сайын екі ЖЭС-ның күл үйінділерінен 115 мың тонна күлді құрылыс және жол құрылысы мақсаттары үшін тұтынушылар пайдаланады», - деді М. Танабаев.