Астана қаласының айналасына 60 мың гектар орман екпелері отырғызылды

АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті «Астана қаласының қала шетіндегі аймағында қорғаныш екпелерін құру технологиясы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Ғылыми-практикалық кеңестің негізгі мақсаты - Астана қаласының қала шетіндегі аймағында қорғаныштық орман екпелерін құру және күтіп ұстау технологияларын жетілдіру, олардың сапасын, қолайсыз климаттық және орман өсіру жағдайларына орнықтылығы мен тиімділігін арттыру. Қазіргі кезеңде оны шешудің жолы - экологиялық, биологиялық, технологиялық және ұйымдық іс-шаралар кешенін әзірлеу және қолдану.

Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде Астана қаласы жасыл аймағының аумағында 60 мың гектар орман екпелері отырғызылған.  Келешекте Астана қаласының шекарасына барынша жақын аумақта қорғаныштық екпелер құрылады. Астана қаласының қала шетіндегі аудандарында тұздану мен сортаңдану дәрежесі әртүрлі топырақ қабаттары кең тараған. Орман екпелерін құру технологиялары проблемаларына, ағаш түрлерінің алуандығын жақсартуға, дербес орман тұқымы базасын жақсартуға, ағаш отырғызу материалының сапасын арттыруға және жер өңдеу машиналарының осы заманғы кешенін қолдануға айырықша назар аударылады.

Кеңестің қорытындылары бойынша Астана қаласының жасыл аймағын құру мәселелері жөнінде ұсыныстар қабылданды.

Семинар-кеңестің жұмысына Бүкілресейлік агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты мен Урал мемлекеттік орман-техникалық университетінің ғалымдары, Қазақстан тарапынан «Жасыл аймақ» РМК, «Казгипролесхоз» РМК, «ҚазОШҒЗИ» ЖШС, «Казагроинновация» АҚ, ҚазҰАУ, «О. Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия институты» ЖШС, Астана қаласы әкімдігінің «Астана орманы» РМҚК өкілдері қатысты.