Астана қаласының екі акробатшы қызы «ОРТ» телеарнасының «Мерейлі сәт» жобасының ақтық сынына жетті

АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының екі акробатшы қызы, жалпыресейлік «ОРТ» телеарнасындағы миллиондаған көрерменнің қызыға тамашалайтын «Мерейлі сәт» (Минута славы) жобасының ақтық мәресіне жетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2009 жылдың жазында хабарландыру бойынша іріктеу кастингіне қатыса салған едік. Ол туралы ұмытып та кетіппіз. Биыл қаңтар айында күтпеген жерден Мәскеуге шақырту алдық», - дейді акробат қыздар.

Дәрия Әбдуақасова елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 2-ші курс студенті, ал Дана Рысбекова Астаналық технология және бизнес колледжінде оқиды. Екеуі де Астана циркінің әртістері.

Дәрия мен Дананың пластикалық этюдтары Александр Масляков, Леонид Парфенов және актриса Валентина Васильева сынды теле-шоу мэтрлерін қайран қалдырып, олардың оң дауыстарына ие болды. Акробатшы қыздар ақтық сынға өткенімен, соңғы дауыс көрермендердің еншісінде.

Сондықтан, үстіміздегі ақпан айының соңғы аптасында көрсетілетін «Мерейлі сәт» бағдарламасының тікелей эфирінен кейін, Д. Әбдуақасова мен Д. Рысбековаға SMS дауыс беруді ұмытпайық.