Астана қаласының кедендік бақылау департаменті қызметкерлері кезектен тыс аттестаттаудың қорытынды кезеңіне дайындалуда

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласының кедендік бақылау департаментінде аймақтық аттестаттау комиссиясы өз жұмысын бастады.

Онда контрабандамен күрес және жедел-кезекшілік қызметтің 55 лауазымды тұлғасы аттестаттаудан өтеді. Бұл туралы Астана қаласы кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жоғарыда аталған қызметкерлер психологиялық тұрақтылық тестісін тапсырып, дене шынықтыру, әскери және қызметтік дайындықтардан өткен болатын.

Кеден органдарындағы кезектен тыс аттестаттау «ҚР құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын орындау шаралары аясында жүргізіліп жатыр.

Астана қаласының КБД-нің құқық қорғау блогында 62 қызметкер аттестаттаудан өтуге тиіс болған. Олардың 7-еуі шілдеде Орталық аттестаттау комиссиясынан біріншілердің қатарында өткен еді.

Құқық қорғау блогының қызметкерлерін аттестаттаудан өткізудің шешуші кезеңі қазан айында өтеді. Аттестаттау комиссиясы жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін оның құрамына БАҚ, «Нұр Отан» ХДП, «Атамекен» одағы өкілдері мен басқа да қоғамдық ұйымдардың, кеден органдарының ардагерлері кіріп отыр.