Астана қаласының маңын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының маңын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2014-2020 жж. арналған кешенді жоспары әзірленді.

Кешенді жоспарды қабылдау Астана қаласының маңындағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қалалық деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы astana.kz сайтына ҚР Өңірлік даму министрлігінің баспасөз қызетінен хабарлады.

Еске салайық, «Астана қаласының маңын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2014-2020 жж арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы 2014 жылғы 25 сәуірде Астана қаласын одан әрі дамытуға арналған отырыс барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындауға бағытталған.

Астана қаласының маңында жалпы ауданы 4 168 га және халқының саны 109 408 мың адамды құрайтын елордаға қосылған 19 тұрғын алабы (Железнодорожный, Интернациональный, Достық, Мичурино, Күйгенжар, Промышленный, Казгородок, Қазақ ауыл, Оңтүстік-шығыс (сол жағы), Оңтүстік-шығыс (оң жағы), Көктал-1, Көктал-2, Өндіріс, Комсомольский, Заречный, Тельман, Ильинка, Пригородный, Қараөткел) орналасқан, дейді ведомстводағылар.

Кешенді жоспарда анықталған басты стратегиялық бағыттар бойынша көлік инфрақұрылымы; электрмен жабдықтау нысандары; коммуналдық шаруашылық объектілері; білім саласы (жалпы білім беру мектептері - 21 (24 000 орын), мектепке дейінгі мекемелер - 47 (11 940 орын), денсаулық сақтау саласы (бір ауысымда 3 610 адамды қабылдайтын 7 емхана, отбасылық-дәрігерлік амбулатория (ОДА) - 7 (бір ауысымда 1 300 келушіні қабылдайды, жедел медициналық жәрдемнің шағын станциясы - 1 (бір ауысымда 400 келушіге арналған) дамытылады.

ҚР Өңірлік даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала маңындағы пунктерде ұзындығы 398,12 км жол мен 1520,82 км инженерлік желі (сумен қамту, тұрмыстық және нөсерлі канализация мен электрмен қамту), сондай-ақ, 112 инженерлік құрылыс (трансформаторлық шағын станциялар, канализациялық сорғы станциялары мен нөсерлі канализацияны тазарту құрылысы) салу жоспарланған.