Астана қаласының мәслихаты «Жол картасын» қорытындылады

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астана қаласының мәслихаты 2009-2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы «Жол картасы» жоспарын қорытындылады.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева хабарлағандай, 2009-2010 жылдары Астана қаласының әкімдігі 175 жобаны іске қосты. Аталған жобалар аясында қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жүйесі және жалпы ұзындығы 76,2 шақырымды құрайтын жолдар жөнделді. Әлеуметтік маңызы бар нысандар күрделі жөндеуден өтіп, қаланың көптеген жерлері абаттандырылды. Осының арқасында елорада 7 234 жаңа жұмыс орны ашылды.

Астана қаласының Статистика департаментінің мәліметі бойынша 2011 жылдың қаңтардың 1-іне қарай елордада еңбекке қабілеті бар 392,9 мың адамның 369,7-сі жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздардың саны - 23,3 мың. 2010 жылдың басында тіркелген көрсеткішпен салыстырғанда, Астанадағы жұмыссыздықтың деңгейі 0,7 пайызға төмендеп, 5,9 пайызды құрады.

Жалпы, «Жол картасы» жұмыспен қамтудың аймақтық стратегиясы аясында 20 млрд.-тан астам теңге бөлінген болатын. 2009 жылы 10,1 млрд. теңге, 2010 жылы 11,5 млрд. теңге игерілді.