Астана қаласының өрт сөндірушілері бір күнге «көңілділер мен тапқырларға» айналды

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы тілдерінің мерекесін атап өту аясында кеше, қыркүйектің 22-сі күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» Мемлекеттік мекемесінің құрылымдық бөлімшелері арасында қазақша КВН ойындары өтті.

«Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Көңілділер мен тапқырлар клубын ұйымдастырудың мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілді дамытуға әр адамның «көңіл кілтін» таба отырып жету және күнделікті өрт сөндіру, апаттық-құтқару жұмысымен айналысып жүрген қызметкерлерді өзге қырынан таныту, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.

Сайысқа Астана қаласындағы бес өрт сөндіру бөлімі қатысты. Олар бес кезең бойынша бақ таластырды - «Cәлем-сөздің атасы», «5 жаңалық», «Бой жазу», «Биатлон», «Үй тапсырмасы: «Тіл туралы аңыз, ертегі».
Қазылар алқасы «ӨС және АҚЖҚ» ММ басшылығынан құралды. Бағалау барысында қатысушылардың сахнада өздерін ұстай білу мәдениеті, сценарийлерінің мазмұндылығы, сахна киімдері ескеріледі.

Нәтижесінде бірінші орынды - 13-ші Өрт сөндіру бөлімінің (ӨСБ) «Жаңа қазақтар» командасы, екінші орынды - 2-ші ӨСБ-нің «Жастар» тобы және үшінші жүлделі орынды - 11-ші ӨСБ-нің «Егімбайдың балдары» құрама тобы жеңіп алды.