«Астана қаласының Паталогоанатомиялық бюросы» МҚКМ-нің бас бухгалтері 5 жылға бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Аса ірі көлемде мемлекет қаражатын жымқырғаны үшін «Астана қаласының Паталогоанатомиялық бюросы» мемлекеттік қазыналық коммуналдық мекемесінің бас бухгалтері барлық дүние-мүлкі тәркілене отырып,

5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық істегі деректерге сәйкес, 2008 жылдың соңында Д. Өтегенова аталмыш мемлекеттік кәсіпорынға бас бухгалтер қызметіне жұмысқа орналасып, оған мемлекеттік қызметтерді жүзеге асырушы уәкілетті тұлғаның құқығы сеніп тапсырылған. Өз кезегінде ол, қызмет өкілеттігін пайдаланып, компьютерлік бағдарламаға ену кілті арқылы жұмысқа орналасқан уақыттан бастап бір жылдың ішінде өзінің және қол астындағы қызметкерлердің еңбекақы кәртішкелеріне 11 миллионға жуық теңге аударып, оларды кейін өзі иемденген.

Сондай-ақ Өтегенова, осы уақыт аралығында ай сайынғы бухгалтерлік есеп тіркемесіне қасақана бұрмаланған деректерді енгізе отырып, тағы 4,5 миллион теңгеден астам қаражатты қалтасына басқан.

Өтегенованың кәсіпорынға келтірген материалдық шығынының жалпы сомасы 15 641 145 теңгені құрады.

Астана қаласы бойынша Алматы аудандық соты азаматшаны ҚР Қылмыстық кодексінің 176 бабы, 3-ші бөлігінің «б,г» тармағы бойынша (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған қаражатты ұрлағаны үшін) барлық дүние мүлкін тәркілей отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Жалпы режімдегі абақтыға жабылған ол, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін үш жыл бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан да айырылды.

Соттың бұл үкімімен келіспеген айыпталушы, істі жоғары сотта қайта қарауды сұраған. Бірақ оның өтініші қанағаттандырылмады. Сот шешімі өзгертілген жоқ және ол заңды күшіне енді.

Сондай-ақ Астана прокуратурасынан мәлім еткендей, қазіргі уақытта бірқатар ұрлау фактілері бойынша Өтегенованың үстінен қозғалған тағы бір іс қаралып жатыр.