Астана қаласының прокуратура органдарында бірқатар кадрлық тағайындаулар болды

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 24 қыркүйегі күні Астана қаласының прокуратура органдарында бірқатар жаңа кадрлық тағайындаулар болды.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрықтарымен елорда аудандарының прокурорлары тағайындалды.

Мәселен, Астана қаласы «Алматы» ауданының прокуроры болып бұған дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы табиғатты қорғау заңнамасының қолданылуын қадағалау бөлімінің бастығы қызметін атқарған әділет кеңесшісі Тіленшиев Алан Төлеубайұлы тағайындалды.

Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының прокуроры болып бұған дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар департаментінің Аса маңызды қылмыстық істерді тергеу басқармасында Бас Прокурордың (тергеу және тергеу топтарына басшылық жасау бойынша) аға көмекшісі қызметін атқарған әділет кеңесшісі Қожабаев Жанболат Өмірсерікұлы тағайындалды.

Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуроры болып бұған дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Сотқа дейінгі іс жүргізудің заңдылығын қадағалау  департаментінің Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі органдарында тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы қызметін атқарған аға әділет кеңесшісі Мәжренов Біржан Балтабайұлы тағайындалды.