Астана – Қарағанды тасжолында бір жолақ жабылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 11 шілдеде Астана — Қарағанды — Алматы автожолының 42-шақырымында көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Фото: ҚазАвтоЖол

ҚазАвтоЖол мәліметінше, шектеу 10 шілдеде болған жол-көлік оқиғасынан кейін зақымданған барьерлік қоршауды қалпына келтіру жұмыстарына байланысты енгізіледі.

Жөндеу кезінде жол қызметтері қоршауды түзету және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Оған төрт арнайы техника тартылады.

— Жол қозғалысы қауіпсіздігін және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жүргізілетін учаскеде Астана қаласы бағыты бойынша бір қозғалыс жолағы уақытша жабылады, — делінген хабарламада.

Жұмыстарды 11 шілде күні сағат 18:00–ге дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Компания жүргізушілерге аталған учаскеде жылдамдықты төмендетіп, уақытша жол белгілері мен мамандардың нұсқауларын сақтауды ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында жауын-шашын салдарынан жолдың бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілгенін жазғанбыз.