Оқиға 10 шілде күні шамамен сағат 16:30-да Астана – Қарағанды автомобиль жолының 42-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, жүк көлігі жол жиегіндегі қоршауға соғылған. Соның салдарынан аталған учаскеде қозғалыс қиындап, көлік кептелісі пайда болды.
– Жол қызметтері оқиға орнына жедел жетті. Жүру бөлігін тазарту, апат салдарын жою және қозғалысты қауіпсіз қайта ашу үшін қажетті жұмыстар жүргізілді. Сағат 20:30-да көлік қозғалысы толық қалпына келтірілді, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясынан.
Мамандар мұндай жағдайларда жүргізушілерді жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, кептелісті жол жиегімен айналып өтпеу, жылдамдықты алдын ала төмендету және қауіпсіз арақашықтық сақтау маңызды екенін ескертеді.
Сондай-ақ арнайы және жол қызметтері жүретін жолақты бос қалдырып, уақытша белгілер мен мамандардың нұсқауын орындау қажет.
– Фото немесе бейне түсіру үшін тоқтамаңыз. Түсірілім жасау мақсатында жылдамдықты азайту қосымша кептеліс тудырып, қайталама апат қаупін арттырады, – деп ескертті мамандар.
«ҚазАвтоЖол» жол-көлік оқиғасынан кейінгі қауіпсіздік пен қозғалыстың тез қалпына келуі тек арнайы қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
Айта кетейік, Жетісу облысында жыл басынан бері 500-ден астам жол апаты тіркелді.