«Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, алдағы уақытта 3-ші және 4-ші павильондарда қаржы орталығының ұжымы орналасады.
«Алайда біз жылдың аяғына қарай көшетін шығармыз. Себебі бүгінде «Астана ЭКСПО» ұлттық компаниясы павильондарды қайта құрумен айналысып жатыр. Компанияның ақпаратына сәйкес, бұл жұмыстарды аяқтауға шамамен 9-12 ай кетеді. Дәл қазір «Изумрудный кварталда» (Қонаев көшесі бойынша бизнес орталық - авт.) отырмыз», - деді Қ.Келімбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қаржы орталығының территориясы 1600 гектарға дейін кеңейді.
«Демек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сол жағалаудың біраз бөлігін алып отырады. Оның территориясында бизнес орталықтар және тағы басқа нысандар болады», - деп атап көрсетті Қаржы орталығының басшысы.
Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында Қ.Келімбетов қаржы орталығының штаты туралы айтып берді. Оның айтуынша, орталық жұмыстын ұйымдастыру мен жүргізуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек, Қайрат Нематұлы криптовалютаға қатысты кеңес берді. Ағымдағы жылы 5 шілдеде «Астана» ХҚО-ның ресми тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр.