«Астана» қаржы орталығында кімдер жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов штатта жұмыс істеп жүрген қызметкерлер туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде біздің штат 100 адамнан аспайды. Олардың 90 проценті - Қазақстан азаматтары. Ашығын айтайын, көбісі - жастар, бәрі «Болашақ» және тағы басқа гранттық бағдарламалар бойынша әлемнің жетекші оқу орындарында білім алған. Қаржы орталығының барлық қызметкерлері, кем дегенде, ағылшын тілінде сөйлейді. Басым бөлігі бірнеше тілде сөйлей алады. Ал xалықаралық қатынастар департаментінің мамандары тағы қытай тілін де біледі», - деді Қ.Келімбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, алдағы уақытта штатты кеңейту шаралары қарастырылмаған.

«Бізде кәсіби біліктілікті үздіксіз шыңдау бюросы деген құрылым бар. Соның аясында біз батыл бір жоспарымызды іске асыруды көздейміз. Бүгінде Үндістан мен Ресей бағдарлама жасаушылардың қызметі жағынан оқ бойы озық елдердің қатарына кіреді. Олардың мамандары аустсорсингпен жұмыс жасайды. Ондайда бағдарлама жасаушылар үйден шықпай-ақ, өзге мемлекеттерге қызмет көрсетіп жатады. Біз үш-бес жылдың ішінде 5 000 мың қазақстандық маманды қайта даярлаудан өткізіп, тура сондай аусорсинг орталығын құруды көздейміз», - деп атап көрсетті Қ.Келімбетов.

Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында Қ.Келімбетов криптовалютаға қатысты кеңес берді.