«Астана - қауіпсіз қала» бастамасын іске асыру шаралары ауқымды жүргізіліп келеді

Астана. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Астана - қауіпсіз қала» бастамасын іске асыру шаралары ауқымды жүргізіліп келеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Астана қаласы Ішкі істер департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері заңсыз мигранттар жасаған қылмыс біршама азайған. Қала аумағындағы шетелдіктердің шоғырланып тұратын орындарына 51 рет тексеріс жүргізілді. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тартатын 383 кәсіпорын мен мекеме тексерілді. Шара барысында 1 457 ТМД елдерінің азаматы анықталып, оларға көші-қон заңын бұзғаны үшін алдағы уақытта келіп-кету және олардың уақытша тіркелу мерзімдері қысқартылды. Тұтастай алғанда, бес айдың ішінде әкімшілік жауапкершілікке 3 189 шетелдік тартылды, олардың қатарынан 150 адам сот шешімімен елден аластатылды. Кісі өлтіру және қарақшылық, зорлық-зомбылық, ұрлық сияқты қылмыс түрлерінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама төмендеді. Автокөліктер ұрлау және айдап әкету бойынша 14 қылмыстық іс ашылып, 12 адам жауапқа тартылды. 2 қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Жалпы, осы жылдың басынан бері автокөліктерді ұрлау және айдап әкету әрекеттері айтарлықтай азайған. Тәулік бойы қалада 1000-ға жуық полиция қызметкері, 230 ішкі істер әскери қызметшісі құқықтық тәртіпті бақылайды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті күзетуге құқық қорғау бағытындағы құрылымдардың 460 өкілі қатысады. Бүгінде олардың әрқайсысына полицияның штаттық көмекшісі ретінде тағайындалуға мүмкіндік жасалған. Осы жыл басынан бері «штаттық көмекшілердің» көмегімен 104 қылмыстық іс ашылды, 2504 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Айыппұлдың мөлшерін көтергелі бері көлік жүргізушілер жол ережесін қатаң сақтауға тырысатын болған. Жыл басынан бері Астанада Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 83 223 факті анықталды. 2 780 жүргізуші мас күйінде қолға түсті. Кінәлі адамдар шамамен 509 миллион теңгеге айыппұл төледі. Қазіргі уақытта сот органдарының шешімі бойынша ҚР жол қозғалысы ережесін бұзған 2 386 азамат автокөлік жүргізу құқығынан айырылды. 2009-2011 жылдарға арналған «Астана ? есірткісіз қала» аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері 116 қылмыстық іс қозғалды. 19 есірткі сататын орын мен есірткілік заттарды жеткізудің 2 бағыты айқындалып, сондай-ақ 1 есірткі притонының әрекеті жойылды. Шамамен 87 килә есірткілік заттар, оның ішінде 7 киләдан астам героин тәркіленді. Есірткі сақтағаны үшін 118 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.