«Астана» «Қайраттан» жеңіліп, чемпион болу мүмкіндігін қиындатып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 21-турында елордалық «Астана» Алматының «Қайратынан» жеңіліп қалды. Салдарынан чемпион болу мүмкіндігі қиындай түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл елордалық команда сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Қазір турнир кестесінде үшінші орында тұр. Бас жүлденің ауылы алыстай түскен секілді. Қазір бірінші орында келе жатқан Шымкенттің «Ордабасы» клубы олардан он ұпайға озып кетті. Алда небәрі бес тур ғана қалды. Қалған ойындарда «Астананың» жеңіске жету мүмкіндігі қандай?

Бүгінгі кездесуде елордалық команданың бас бапкері Григорий Бабаян аралас құрамда ойыншыларды жасыл алаңға шығарды. Алдағы бейсенбіде олар Албанияда жергілікті «Партизани» командасымен Конференция лигасы плей-офф сатысында қарымта ойын өткізеді. Биыл алдына еурокубок ойындарында топтық кезеңге шығу үшін міндетін қойған олар енді бар күшін сол кездесуге салатыны анық.

«Қайратпен» кездесу барысында Маки Баньяк соққан жалғыз гол салдарынан «Астана» жеңіліп қалды. Салдарынан «Ордабасыны» ұпай саны жөнінен ұзатып алды.

Тағы екі кездесуде «Атырау» мен «Ақтөбе» 0:0 есебіне қанағат білдірсе, «Қызылжар» «Ақсудан» 1:0 есебімен басым түсті.

Дәл қазір «Тобыл» мен «Ордабасы» кездесуі өтіп жатыр. Әзірге есеп - 0:0.

Сондай-ақ, 26 тамызда «Оқжетпес» пен «Каспий» 3:3, «Қайсар» мен «Жетісу» 1:1 есебімен тең түссе, «Мақтаарал» «Шахтерді» 3:1 есебімен сүріндірді.