Астана қайырымдылық кешінің жеңімпаздары анықталды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған гранд балдың ханшайымы мен ханзадасы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қайырымдылық гранд балына 75 жұп қатысып, 5 түрлі би биледі. Одан бөлек, балға еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Қайрымдылық кешінің ханшайымы 18 жастағы алматылық Азиза Зейнолла атанса, ханзада титулын 21 жасар ШҚО-ның тумасы Оралғазы Таңатқанов иеленді. Қос жеңімпазға Түркия еліне саяхатқа билет тарту етілді.

«Қаншама қатысушының ішінен жеңімпаз атанамын деп ойлаған жоқпын және бұл кешке ол мақсатпен қатысқан емеспін. Менің мақсатым - ізгі ниетпен қайырымдылық жасап, мүмкіндігінше мәжбүр жандарға қол ұшын созу. Өзім тұрмысы төмен отбасыдан шыққандықтан қайырымды кісілердің жақсылығын көріп өскенмін. Сондықтан шын жүректен жасалған қайырымды іс адамның өзіне қайтып келетініне сенімдімін», - деді қайрымдылық кешінің ханзадасы Оралғазы Таңатқанов.

Қайрымдылық кешінің ханшайымы мен ханзадасынан бөлек, белсенді қатысушыларға «Жомарт жүрек», «Қайырымды жүрек», «Қайырымды дебютант», «Ерекше қосқан үлесі үшін», «Белсенділігі үшін», «Ерлігі үшін», «Өмірге деген құштарлығы үшін», «Қайсарлығы үшін» атты арнайы номинациялар табыс етілді.

Қайырымдылық кешіне еліміздің белгілі эстрада жұлдыздары, атап айтқанда Майра Мұхамедқызы, Нұрлан Керменбаев, Гүлнұр Оразымбетова, Тамара Асар, Әміре, ағайынды Жүгінісовтер қатысып өз өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, айтулы шара аясында аукцион ұйымдастырылып, оған қылқалам шеберлерінің картиналары мен түрлі бағалы заттар қойылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аукционнан түскен барлық қаржы Астанадағы қарттар мен балалар үйлеріне және тұрмысы төмен отбасыларға жұмсалады.

Айта кетсек, бұған дейін Астанада аталған қайырымдылық кешінің алғаш рет өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар