Астана қайырымдылық марафонына 20-дан астам елдің желаяқтары қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 қыркүйекте 10-шы Astana Marathon-2018 жарысы өтеді. Мерейтойлық жарысқа әлемнің 20 мемлекетінен кәсіби және әуесқой спортшылар қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфоға сілтеме жасап.

Астанада жыл сайын өтетін қайырымдылық марафонының негізін қалаушы және ұдайы ұйымдастырушысы - Гаухар Брамлей-Фентон.

Биылғы жарыста қатысушылардың саны бойынша рекордтық көрсеткіш күтілуде. Оның ішінде Қазақстаннан бөлек, Эфиопия, Кения, Эритрея және Уганда мемлекеттерінен де спортшылар келеді. 

«Қазіргі кезде жарысқа 2 711 адам тіркелді, оның 116-сы 19 елден келмекші. Марафонға 5 мың адам қатысады деп күтудеміз, оның 320-сы - әлемнің 20-дан астам елінен болады. Жарысты ұйымдастыруға еріктілер тартамыз», - деді ұйымдастырушылар.

Марафонда 18-ден асқандар 42,2 шақырым қашықтыққа, 16 және одан жоғары жастағылар 10 шақырымға жүгіреді. 42,2 шақырымға тіркеу 10 қыркүйекке дейін, 10 шақырымға 15 қыркүйекке дейін тіркелуге болады. Айта кететін жайт, марафонға қатысу үшін жарна төлеу қажет. Ал жиналған қаржы қайырымдылық шарасына жұмсалады. Қатысушылар біріншіден, қайырымдылық шарасына қатысса, екіншіден, марафонға қатысу арқылы өзінің спорттық әлеуетін сынап көруге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, Астана марафоны 16 қыркүйекте таңғы сағат 07.00-де ЭКСПО павильондарына қарама-қарсы Т.Рысқұлов көшесіндегі Р-4 көлік тұрағынан басталады.