Қалалық әкімдіктің алдында ұлттық-мәдени орталықтар, көркемөнерпаздар ұжымдары дайындаған үлкен концерттік бағдарлама басталады. Халық серуені қаланың басқа да аудандарында: Бәйтерек жанындағы алаң мен Отан қорғаушы монументінің жанында, елордалық саябақ пен Қаржы министрлігі ғимаратының алдында өтеді. Отан қорғаушы монументінің жанында Мемлекеттік филармония әртістерінің, «Жастар» сарайы ұжымдарының, мектеп оқушыларының қатысуымен концерттік бағдарлама болады. Осы жерде сондай-ақ, қолкүрес, кір тасын көтеру, арқан тарту, аударыспақ сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтеді, Каратэ орталығының өкілдері өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сондай-ақ қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылады. Сағат 14.00-те осы алаңда «МұзАрт» және «Надир-шах» топтары өнер көрсетеді.
Қазақстан халқының бірлігі күні - Мемлекеттік мейрам. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 140-тан астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.