«Биылғы фестивальдің бағдарламасы мазмұны жағынан сан алуан. Елордалық көрермендер өзінің музыкалық талғамына сай опералық, камералық, симфониялық, органдық және аспаптық концерттерді тамашалай алады. Сондай-ақ, фестиваль аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған 5 қайырымдылық концерт тегін ұйымдастырылады. Оның билеттерін «Қазақстан» орталық концерт залының кассасынан алуға болады. Халықты мүмкіндігінше толық қамту мақсатында 8,5 мың билет әзірленді. Осы тұрғыда «Астана кештері» барша өнерсүйер қауымға үлкен мейрам, қуаныш сыйлайды деген үміттеміз», - деді Ж. Сейдуллаұлы.
Одан бөлек, «Қазақконцерт» басшысы өнер кешінің басты қонақтары туралы сөз қозғады.
«Бұл мәдени шарасы әлемде теңдесі жоқ деп айтуға болады. Біздің фестиваль тек қана түрлі салалық концерттерімен ғана емес, жыл сайын жаңашылдығымен де ерекшеленеді. Мысалы, биылғы өнер кешінің басты қонақтары - мүмкіндігі шектеулі жандар болмақ. Ол үшін барлық жағдай мен мүмкіндік жасалатын болады», - деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін 3-7 маусым күндері елордада «Астана кештері» атты халықаралық өнер фестивалінің өтетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз.