Астана əкімінің жаңа жылдық шыршасы жағылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы оқушылар сарайында Астана қаласының əкімі Əділбек Жақсыбековтің атынан бүлдіршіндер үшін жаңа жылдық шырша мерекесі өтіп жатыр.

Дəстүр бойынша қала əкімі өз атынан жетім балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, əлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына, сондай-ақ, оқуда озат, əр түрлі фестивальдер мен конкурстарда жеңіске жеткен балалар үшін арнайы шырша жағып, бүлдіршіндерге ұмытылмас мереке сыйлайды.

Биыл шараны ұйымдастырушылар «Жібек жолындағы жаңа жылдық ертегі» атты тақырыпты таңдаған екен. Сəйкесінше, балалар да шығыс мəдениетін паш ететін костюмдер киіп, айналаны құдды шығыс елінің біріне айналдырғандай болды.

«Жаңа жылмен жаңа оқу жылының да бір кезеңі басталады. Бүлдіршіндерге тек бақыт, денсаулық тілеймін. Астананың оқушылар командасы бүгінде республика бойынша бірінші орында тұр. Сондықтан, мұндай мереке балаларды одан сайын қуантып, оқуға деген ынталарын аша түседі. Жаңа жыл - балалардың ең асыға күтетін мерекесі. Қала əкімінің атынан ұйымдастырылып жатқан бұл шырша мерекесі - шаһар басшысының балаларға деген зор қамқорлығын танытса керек»,-дейді журналистермен əңгімелескег қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.

Жалпы, жаңа жыл мерекесіне балалар қатты дайындалғанын байқау қиын емес: əрбір бала өзінше ерекшке костюм киіп, өзін ертегі кейіпкері сезініп жүр. Ал ұйымдастырушылар өз тарапынан өте қызықты бағдарлама əзірлеп, ертегілер мен мультфильмдердің кейіпкерлерін «қонаққа» шақырып қойған екен.