«Астана» клубы өз жетістіктері арқылы елорда мен Қазақстанның атын әлемге әйгілеуі керек - Н. Назарбаев
Елбасы өз сөзінде «Astana» президенттік кәсіби спорт клубы қатарында әлемдік аренада даңқы шыққан атақты спортшыларды топтастыра алғанын айтып, оның мүшелігіне ғаламат нәтижелер көрсеткен атлеттер енгенін жеткізді. «Бір кездері Гегель айтпақшы, «күштілер біріксе, онда оларды ешкім жеңе алмайды». Сондықтан да, мен біздің спортшыларымыздың нағыз жеңімпаз болғанын тілеймін. Алдыңғы қатарлы технологиялар, спорттық менеджмент біздің осы бағыттағы әлеуетімізді еселеп, мүмкіндік шекарасын онан сайын кеңейте түспек», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы жаңа клубтың атауына тоқтала келе, бұның зор міндеттер жүктейтінін де атап өтті. «Ендігіде клуб өз жетістіктері арқылы елорданың атын әлемге әйгілеп, сол арқылы бүткіл Қазақстан жаһанға танылуы тиіс. Жалпы, біз инвесторлардан осы клубқа барынша қолдау болуларын сұраймыз», - деген Нұрсұлтан Әбішұлы барша спортшылар мен жанкүйерлерді бүгінгі мерейлі күнімен құттықтады. «Біздің командамыздың аты әлемге әйгілі болады деп сенемін. Қуаныш құтты болсын», - деді Н. Назарбаев.