«Астана» клубының капитаны қызыл жейде үшін таласқа түспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияда басталған «Вуэльта» веложарысының бас жүлдесіне қазақстандық «Astana ProTeam» командасы да үмітті, деп жазады Хабар арнасы.

Әйгілі көпкүндік сайыс шешуші 20-шы кезеңге жетті. Бұған дейінгі көрсеткіштер бойынша астаналық шабандоз Фабио Ару жарыс көшбасшысы голландиялық Тома Дюмолинадан 6 секундқа кешігіп келді. «Астана» клубының капитаны бүгін қызыл жейде үшін таласқа түспек. Осыған байланысты велоұжым өкілдері жарысқа дейінгі дайындықтарын күшейткен. Мәселен, команданың бас аспазшысы арнайы тағам әзірледі. Спортшылардың бүгінгі таңғы асына мюсли, омлет, ет және спагетти пастасы берілді.

«Таяуда өткен кезең спортшылар үшін өте қиын болды. Олардың кешкі асына қызыл ет пен макарон ұсындық. Бұл тағамдар шабандоздарға қосымша күш береді. Егер кезең жеңіл өткенде балық беруге де болатын. Ал бүгін түрлі тағамдар әзірледік. Қалаған тамағын жеуіне болады», - дейді «AstanaProTeam» командасының бас аспазшысы Даниэле Заньери.