АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 8-турында «Астана» жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық «Астана» өз алаңында Түркістан облысының «Мақтарал» командасын қабылдады.
Турнир кестесінде командалар жағдайы түрліше. Елордалық клуб алдыңғы орындарда келе жатса, түркістандық ұжым көш соңында тұр.
Ойын барысында «Астана» басымдық көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Эльхан Астанов 8, Абат Айымбетов 29-минуттарда мергендік танытты.
Қарсыласын таза ұтқан «Астана» кездесуді 2:0 есебімен аяқтады.
Енді 21:00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайсар» (Қызылорда) шеберлік байқасады.
Ал, 7 мамырда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Каспий» (Ақтау) мен «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қызылжар» (Петропавл) командалары ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын өз алаңында «Тобыл» «Қайраттан» 2:3 есебімен жеңілсе, «Ақтөбе» «Ақсудан» 2:1 есебімен басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.