Астана қонақтары баруы тиіс 10 орын
1. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі.
Астанаға келген әрбір қонақтың ЭКСПО-2017 көрмесіне барары анық. Биылғы жылдың айтулы оқиғасына айналған «ЭКСПО-2017» көрмесі ТМД елдері аумағында алғаш рет Астанада ұйымдастырылып отыр. Мұнда үш ай бойы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында баламалы энергия көздерін табу жөнінде жаңа тәжірибелер мен тың ұсыныстар көрсетіледі және 2,4 миллион қонақ келеді деп жоспарланған.
115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым павильондары орналасқан ЭКСПО - жаңа технологиялар мен алуан түрлі өркениеттердің тоғысқан орталығына айналды. Павильондар таңғы тоғыздан кешкі 21:30-ға дейін жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір ғана «Нұр Әлемді» толық аралап шығуға 3-3,5 сағат уақыт кетеді. Ал тұтас павильондармен таныс болу үшін көрмені 4 тәулік аралауға тура келеді.
4-5 шілде күндері ЭКСПО билеттері 4 мың теңгеге сатылады. Алайда, 6 шілде күні - демалыс болып есептелгендіктен, 6 мың теңгеге қымбаттайды және 7 шілде күні қайтадан 4 мың теңгеге билет сатып алуға болады. ЭКСПО аумағына мүгедектер, ҰОС ардагерлері, 6 жасқа дейінгі балалар және жетім балалар тегін кіре алады. Ал 6-17 жас аралығындағы балаларға, зейнеткерлерге, студенттер мен көп балалы аналарға ЭКСПО билеті 50 пайыз жеңілдікпен сатылады. Акциядан тыс 50 мың теңгелік арнайы абонементті сатып алған адам ЭКСПО аяқталғанша көрме аймағына еркін кіріп-шыға алады.
Тағы бір атап өтерлігі, Қала күніне орай, ЭКСПО-да мерекелік акция жұмыс істейді. Яғни, 1-10 шілде күндері Астана тұрғындары мен қонақтары көрмеге үш билет сатып алса, төртінші билет тегін беріледі. Сондай-ақ, демалыс күндері 17 жасқа толмағандар көрмеге тегін кіре алады. Ал 12 жасқа толмаған балалар тек ата-аналарымен ғана, құжаттарын тексеру арқылы кіргізіледі.
Сондай-ақ, кешкі сағат 18:30-дан бастап «Кешкі билетпен» кіруге болады. «Кешкі билет» құны жұмыс күндері 2 мың теңге, демалыс күндері - 3 мың теңгені құрайды.
Айта кетейік, бүгін, яғни 4 шілде күні ЭКСПО аумағында Америка Құрама Штаттарының ұлттық күні тойланады және америкалық өнерпаздардың концерті өтеді. 5 шілдеде - Қытай Халық Республикасының ұлттық күні болып белгіленген. 6 шілде күні Көрме қонақтары Астана күніне арналған ауқымды концертті тамашалай алады.
2. «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені.
Туристерді қызықтыратын тағы бір орын - «Қазанат» ипподромының маңында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен құрылған бұл кешен туристерге қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттайды.
Аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын этноауылға кіру тегін. Мұнда күн сайын қазақтың театр және музыка өнерінің фестивальдері, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптары, қолөнер және көркемөнер көрмелері, этникалық музыка фестивальдері, ұлттық спорт жарыстары өткізіледі.
Этноауыл «Дәстүрлі аңшылық түрлері», «Ұлттық ойындар», «Қазақ музыкалық және театр өнері фестивалі», «Ұлттық асхана орталығы», «Шеберлер» сынды бірнеше секторға бөлінген. Одан бөлек, кешен аумағында концерттік зал, спорттық және балаларға арналған алаңдар орналасқан.
4 шілде күні Этноауылдың концерт залында «Астана арқау» фестивалі, 6 шілде күні - «Салтанат» ҚР Мемлекеттік би ансамблінің концерті өтеді.
3. «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы.
Астананың кіре берісінде орналасқан «Мәңгілік Ел» қақпасы да қала қонақтары көруі тиіс қызықты орындардың бірі. Мұнда заманауи өнер жұмыстары қойылған көрме залы мен шолу алаңы орналасқан.
Салтанат қақпасы 2011 жылы Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап тұрғызылғандықтан, оның биіктігі 20 метрді құрайды. Оның жетінші қабатында аумағы 120 шаршы метр болатын көрме залы орналасқан. Онда шетелдік және отандық суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары қойылып, түрлі фотокөрмелер өткізіледі.
Сондай-ақ, Көрме залы арқылы қақпа төбесінде орналасқан шолу алаңына шығуға болады. Келушілер шолу алаңының төрт бұрышына қойылған төрт дүрбімен тұтас қаланы тамашалай алады.
Шолу алаңына дейін келушілерді кәсіпқой гидтер Ақмола өңірінің қалыптасуы мен тарихы көрсетілген фотосуреттері бар баспалдақпен алып жүреді және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қала тарихымен таныстырады. Ерекше күтімді қажет ететін келушілер үшін арнайы лифт орнатылған.
Қақпа дүйсенбіден өзге барлық күні, таңғы 10-нан кешкі17:00-ге дейін жұмыс істейді. ЭКСПО қарсаңында қала қонақтарының көбеюіне байланысты, жұмыс уақыты ұзартылуы мүмкін. Кіру құны ересектерге - 500 теңге, балаларға - 350 теңге.
4. ҚР Ұлттық музейі.
Кез келген мемлекеттің астанасына барып тұрып, музейлеріне бас сұқпай кету күнә шығар. Астанада орналасқан ҚР Ұлттық музейі -Қазақстанның ең заманауи музейі. Онда еліміздің ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған.
2014 жылы ашылған бұл нысанның жалпы ауданы 74 мың шаршы метрден асады және халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен толық жарақтандырылған. Музей ішіндегі «Ежелгі және ортағасыр тарихы», «Алтын», «Этнография», «Тарих», «Тәуелсіз Қазақстан», «Астана», «Заманауи өнер залдарынан» еліміздің құнды экспонаттарын көруге болады.
4,5,6 шілде күндері Ұлттық музей 10:00-20:00 уақыт аралығында жұмыс істейді. Оған кіру үшін ересектер 700 теңге және Алтын залы үшін қосымша 1000 теңге төлеуі тиіс. Мектеп оқушыларына кіру тегін, алайда Алтын залына кіру үшін 300 теңге төлеу керек. Зейнеткерлер қалған залдарға 300 теңге және Алтын залына 300 теңге төлеп кіреді. ҰОС ардагерлері мен жетім балаларға барлығы тегін.
Негізгі экспонаттардан бөлек, мейрам күндері Ұлттық музейден «Цин Шихуанди императорының Терракота әскері» халықаралық көрмесін, «Шамбаланы іздеу жолында» атты суретші Николай Рерихтың үздік туындыларын, «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» халықаралық көрмесін, «Сақтар алтыны» түпнұсқа артефактілер көрмесі қойылады. Алайда, бұл көрмелердің әрқайсысы үшін билет құнынан бөлек, тағы 1000 теңге төлеу қажет.
ҚР Ұлттық музейімен бірге Астана қонақтарына Алжир музейі, Сәкен Сейфуллин музейі, ҚР Тұңғыш Президентінің музейі, ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейіне баруды ұсынамыз.
5. «Қазақ Елі» монументі алаңы.
Еліміздің басты алаңы болып саналатын «Қазақ елі» монументі алаңы Астананың беткеұстар орталықтарының біріне айналды. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі 91 метрді құрайды, бұл - Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылды білдіреді. Ал оның басындағы алтын түстес алып Самұрық Қазақстанның тыныштығын «күзетіп» тұр.
Астана қонақтары алаң айналасында орналасқан Әзірет-Сұлтан мешіті, «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университеті, ҚР Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида) сынды маңызды нысандарға бара алады.
6. Арбат.
Белсенді жастардың бастамасымен өткен айда Есіл өзенінің жағалауында ашылған Арбат жәрмеңкесі де Астана қонақтарының көңілінен шығуы тиіс. Мұнда қолөнер шеберлері, суретшілер, әртістер, ақындар және тағы басқа шығармашыл адамдардың жәрмеңкесі орналасқан және туристер ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды көптеп сатып алады. Көше суретшілеріне тапсырыс беріп, көше өнерпаздарының ән-күйін тыңдауға болады.
Жәрмеңкеден шыққан халық Есіл өзенінің жағалауында серуендеп, кеме арқылы Есіл өзенінде жүзе алады және кешкі уақытта Есіл өзені үстіндегі лазер шоуын тамашалай алады.
7. «Бәйтерек» монументі.
Қанша зәулім ғимараттар бой көтерсе де, «Бәйтерек» - Астананың нағыз символы болып қала береді. Мұнда 98 метр биіктіктен Астананы алақандағыдай көруге болады және келушілердің кезегі қысы-жазы үзілмейді.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың қаңтар айынан маусым айына дейін Бәйтерек ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, монументте LED-экраны бар заманауи өнер галереясы ашылды, онда суретшілер өз жұмыстарын қоя алады. Жаңа дизайнның тағы бір артықшылығы - монументтің күмбезінің астында орнатылған хрусталь люстра. Люстраның 90 проценті таза хрустальдан құралған және ұшатын мифтік құстар іспетті жасалған. Ол арнайы Чехиядан әкелінген.
Жөндеуден кейін билет құны 200 теңгеге қымбаттаған. Бұдан былай, ересектер үшін Бәйтерекке кіру құны 700 теңге, балаларға - 300 теңге болады. Балалар үйінің тәрбиеленушілері, зейнеткерлер, ардагерлер әдеттегідей, тегін кіреді.
Бәйтеректен кейін қонақтар Ақордадан Хан Шатырға дейін созылып жатқан Нұржол желекжолымен серуендеп, жыл сайын ұйымдастырылатын АртФест заманауи өнер фестивалін көре алады.
8. Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығы.
Хан Шатыр - Астананың ғана емес, тұтас Орталық Азияның көз тартарлық ғимараттардың бірі және әлемдегі ең биік шатыр ретінде танымал. Ғимарат ішінде тропикалық бақ, сарқырамалар, жасанды өзендер мен көлдер, құмды жағалау бар. Одан бөлек, сауда нүктелері, балаларға арналған ойын алаңдары, мейрамханалар, фитнес орталықтары, кинозалдар сынды ойын-сауыққа қажетті дүниелердің барлығы қамтылған.
Ғимарат таңғы 10-нан кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. 6 шілдеде Қала күні мен «Хан Шатырдың» 7 жылдық мерекесіне орай, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Ал 8 шілде күні «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Қыдырәлі Болманов пен «Ұлытау» тобы өнер көрсетеді.
9. Думан ойын-сауық орталығы.
Астананың мақтанышына айналған тағы бір орын - «Думан» ойын-сауық орталығы. Онда тропикалық балықтары бар океанариум, 5М-кинотеатры, Үлкен күмбезді кеңістік, «Джунгли» аттракционы және тамақтандыру кәсіпорындары мен сауда нүктелері орналасқан.
«Думан» орталығындағы океанариум -көк мұхиттан 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан алғашқы және бірден-бір океанариум. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізілген 2000-ға жуық теңіз жәндіктері тіршілік етеді және судың қоры 3 миллион литрді құрайды. Оны әзірлеуге 120 тонна теңіз тұзы пайдаланылған.
Мейрам күндері бұл орталық 10:00-22:30 аралығында жұмыс істейді. Ересектер үшін океанариумға билет құны 3000 теңгені құрайды, 5-12 жас аралығындағы балаларға - 2500 теңге. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. ҰОС ардагерлері, мүгедектер және зейнеткерлер сәйкес құжаттарын көрсеткен жағдайда, океанариумға тегін кіре алады.
Тағы бір айта кетерлігі, «Думан» ойын-сауық орталығы жанында жаңа шолу шеңбері ашылды, бұл Қазақстандағы аттракциондардың ең биігі болмақ. Нысанның биіктігі 65 метр, бұл 22 қабатты ғимараттың биіктігімен бірдей. Салыстырып қарар болсақ, алматылық аттракционның биіктігі 60 метр.
Жаңа «дөңгелектің» ауа баптағышпен әрі жылыту қондырғысы орнатылған 36 кабинасы бар. Бұл аттракционды жылдың кез келген мезгілінде қолдануға мүмкіндік береді.
10. Бурабай курортты аймағы.
«Қазақстанның Швейцариясы» атанған Бурабай курортты аймағы елордадан 250 шақырым жерде орналасқан және Астанаға келген туристердің көпшілігі Бурабайға баруға тырысады.
Бурабай ТМД-дағы ең танымал курорттардың үштігіне енеді. Мұнда емдік қасиеті бар су, таза ауа, шығыс ұлттарының тағамы және санаторийлер мен туристік базалар орналасқан. Сондай-ақ, туристер Бурабайдағы Абылай хан алаңы, Оқжетпес тауы, Жұмбақтас, Жеке Батыр сынды бірегей орындарға барады.
Туристер үшін Бурабай қонақүйлеріне бір тәулікке тоқтау ақысы орташа 5000-нан 25 мың теңгеге дейін. Ал, бөлме, үй, пәтер, коттедж, вилла жалдау ақысы 3 - 100 мың теңге шамасында. Курортты аймаққа «электричка» немесе пойызбен келемін деушілерге билет құны 652-6228 теңгенің айналасында. Сондай-ақ, шағын автобустар мен такси жалдап келу үшін 3-18 мың теңге көлемінде қаржы қажет болады.