Астана көрмесінде стендтің құлауынан ер адам көз жұмды: Тергеу басталды
10:20, 25 Мамыр 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық «KADEX-2018» көрмесінде тіркелген кісі өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Астана қаласының ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
«24 мамыр күні «KADEX-2018» көрмесінің аумағында тіркелген жағдай бойынша Астана қаласының ішкі істер департаменті ҚР ҚК 306-бабы бойынша (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметті көрсету) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған жағдайдың анық-қанығын анықтау мақсатында шаралар жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары 24 мамыр күні «KADEX-2018» көрмесі аумағында ақпараттық стендтің құлауы салдарынан ер адамның жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмғанын жазған болатын.