Астана көшелеріне 2500 түп ағаш отырғызылады

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Елордада 20 сәуір күні өтетін жалпықалалық сенбілікте 2500 түп түрлі ағаш тұқымдарын отырғызу жоспарлануда. Енді қала аумағында жас үйеңкі, емен, қайың, қарағай және тағы да басқа ағаштар пайда болады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы әкімі аппаратының өмір тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылым бөлімінен мәлім етті.

Бөлімнің хабарлауынша, жалпықалалық экологиялық сенбілік аясында «Астана-Көгалдандыруқұрылысы» АҚ қалалық және республикалық ұйымдармен бірге ағаштардың сан түрін қаланың ауқымды бөлігіне отырғызатын болады. «Қала аумағын көгалдандыру шаһардың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жасыл желек елорданың келбетін көріктендіріп қана қоймайды, оның микроклиматын да оңалтады. Ауаны тазартып, ылғалдылықты арттырады, даңғазаны төмендетеді», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Есіл ауданында Тұран даңғылы бойына 1000 дана тал, ұсақ тамырлы үйеңке, қызыл өркен, бал қарағай тұқымдарын егу жоспарланған.

Ал Алматы ауданында егілетін ағаш одан сәл көптеу (1300 дана). Ол көлік айырылығы көпірі мен Пушкин және Ақжол көшелерінің қиылысына отырғызылады.

Сарыарқа ауданына да Тілендиев даңғылы бойын 122 пирамидалық тал, мен қарағай және 78 үйеңке - барлығы 200 жас ағаш көріктендіреді.

Еске салайық, елорда аумағын абаттандырып, көгалдандыру және санитарлық тазалау жөніндегі жалпықалалық сенбілік экологиялық айлық аясында 10 сәуірде бастау алды. Экологиялық айлық кезінде көгал аумағын жасылдандырып, қалалық саябақтар мен гүлзарларды, сондай-ақ, барлық көшелерді ретке келтіріп, ағаштарды әктеу жоспарланған.