Астана көшелеріндегі кәріз жүйесі жаңартыла ма

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Астанада нөсер жауыннан кейін кейбір көшелерді су басуына байланысты елорданың кәріз жүйесін жаңғырту мәселесіне түсініктеме берді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Еске салайық, 21–23 шілде аралығында елордада шелектеп жаңбыр төкті. Нөсерден кейін тұрғындар қаланың бірқатар көшесі мен аудандарын су басқаны жөнінде шағымданып, әлеуметтік желіге видеоларын жариялаған болатын.

Осыған байланысты Үкіметтегі брифинг барысында журналистер ведомство өкілдерінен «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елорданың нөсер кәрізі жүйесі қалай жаңартылатынын сұрады.

Вице-министр Олжас Сапарбековтің айтуынша, қалада су басу жағдайлары сирек тіркеледі және негізінен жауын-шашын көлемі орташа көрсеткіштен әлдеқайда асып кеткен кезде ғана болады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Біз де осы қаланың тұрғындары ретінде белгілі бір деңгейде қолайсыздықты сезінеміз. Алайда мұндай жағдайлар жиі қайталанбайды. Сирек болатын табиғи құбылыс үшін өте қомақты қаражат жұмсау бюджетке үлкен салмақ түсіреді. Сондықтан оның қаншалықты қажет екені жан-жақты бағаланып, талданып, сараптамадан өткізіледі, – деді ол.

Сонымен қатар, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов еліміз бойынша нөсер кәрізі жүйелерін жаңарту ұлттық жоба аясында қамтылғанын айтты.

– Ұлттық жоба аясында айтар болсақ, нөсер кәрізі жүйесі – су бұру жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Сондықтан нөсер кәріздерін салу және қайта жаңғырту жобалары да ұлттық жоба шеңберінде қаралады, – деді ол.

Маманның айтуынша, 2026 жылға дейін мұндай жобалар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған. Соңғы он жылда елордадағы қатты жауын кезінде жиі су басатын 11 учаскеде жұмыстар жүргізілген. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы, Мәңгілік Ел даңғылдары, Пушкин және Абай көшелері бар.

Бұдан бөлек, биыл бұл мақсатта Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 5 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер арқылы қосымша қаржы қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін нөсер кезінде Tarlan Astana станциясының төбесінен су ағып, CTS оның себебін түсіндірген еді.