Оның сөзінше, бүгін қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес, бұл ұсыныстар қайтадан тиісті комиссияның қарауына енгізілген.
– Ұсыныстарға сәйкес, Нұра ауданында орналасқан жобалық атауы Е-754 көшесіне «София» атауын беру ұсынылып отыр. Бұған дейін Болгария астанасы София қаласында орталық көшелердің біріне «Астана» атауы берілген болатын. Сол көшенің ұзындығы шамамен бір шақырымнан асса, Астанада ұсынылып отырған көше ұзындығы 535 метрді құрайды. Бұл аумақта «Хилтон» қонақүйі, «Жер және адам» ұлттық музейі сияқты маңызды нысандар орналасқан, - деді ол.
Бұдан бөлек Досжан Исабек екінші ұсыныстың Италиямен байланысты екенін атап өтті.
– Тұран даңғылынан басталып Қабанбай батыр даңғылына дейін созылатын, «Астана Арена» спорт кешені мен «Алау» мұз айдынының сарайы арасындағы атаусыз көшеге Марко Поло атауын беру қарастырылып отыр. Бәріміз білетіндей, Марко Поло – XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген венециялық көпес әрі саяхатшы, Азия туралы құнды географиялық және тарихи деректер қалдырған тұлға, - деді мекеме басшысының міндетін атқарушы.
Ұсынысты қолдаушылар мұндай шешім халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға және өзара құрмет принциптерін ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы LRT-ға «Тарлан Астана» атауы берілуі мүмкін екені жайлы жаздық.