Оқиға 24 тамыз күні кешкі сағат 20.50 шамасында елорданың Сарыарқа ауданында тіркелген. Автопатруль бастығы сержант Жансерік Әлжанов қарамағындағы патрульдер Медет Нұрғазин, Сұлтан Мұхатов және жүргізуші Азат Аманжолов қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік күзеті кезінде Желтоқсан көшесі № 14 үй маңындағы ағаштар арасында бір топ адамның отырғанын байқайды. Жағымсыз иіс пен олардың күдікті әрекеттеріне қарап, есірткі шегіп отыр деп болжаммен ұландықтар дереу сол жаққа бағыт алады.
«Әскерилерді көріп қалған әлгілер жан-жаққа қаша бастайды. Аулаларға қарай қашқан екеудің бірі жол-жөнекей қағазға оралған ұнтақты шашып үлгереді. Сержант Әлжанов пен қатардағы Мұхатов көп ұзамай қашқындарды қуып жетіп, ұрыс тәсілдерімен екеуін лезде құрықтай қояды. Бұл уақытта Нұрғазин мен Аманжолов үшінші күдіктінің ізіне түскен болатын. Ұландықтардан қашып құтылмайтынын сезген күдікті оң қолымен шалбарынан тапанша шығарады. Алайда, сарбаздар оқыс әрекетке жол бермей заң бұзушының қолындағы қаруды қағып түсіреді. Шапшаң қимылы мен өжеттігінің арқасында сарбаздар қауіптің алдын алды», - деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Оқиға орнына әскери жасақ бойынша кезекші, жетекші құрам мен жедел-тергеу тобы шақырылды. Куәгерлердің қатысуымен қажетті сараптама-тергеу жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесінде екі күдіктінің қанынан канабиоид табылған.
«Сарбаздар қарулы адамды көз ілестірмес жылдамдықпен құрықтады. Балаларымыз бен немерелеріміз ойнайтын аймақты қауіпсіздендіріп, қайсарлық танытқаны үшін оларға рақметімді айтамын! - дейді куәгерлердің бірі.
Айта кетерлігі, автопатруль бастығы сержант Жансерік Әлжанов бұған дейін де жауынгерлік қызмет бабында өзінің қырағылығы және біліктілігімен ерекшеленген болатын. Нақтырақ айтқанда, 27-шілдеде Әлжанов бастаған жасақ Астананың Республика даңғылынан 2017 жылдың қаңтарынан бері іздеуде жүрген кәнігі алаяқты фотороботынан танып қалып, құқық қорғау органдарына ұстап берген. Араға тәулік салып Жансерік жанындағы жауынгерлерімен 3 жасар Дармин есімді жоғалған баланы тауып, ата-анасымен аман-сау қауышуына жәрдемші болды. Ал 10 тамыз күні қырағы сержант «Анор» мейрамханасы қызметкерінің сөмкесінен әмиян алып қашқан ұрыны қолға түсірген еді.