«Бәйтерек» мультипликациялық фильмі - жоба авторларының Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Астана күні мерекесіне тартуы. Фильмнің тұсаукесеріне мүмкіндігі шектеулі балалар және олардың ата-аналары шақырылды. Көрсетілім басталмас бұрын балдырғандар мультфильмнің кейіпкерлері - Қайсар атты баламен және Жалмауыз кемпірмен кездесті.
«Бәйтерек» - бұл жас көрермендерге арналған шытырман оқиғаға толы анимациялық фильм. Фильмнің негізгі арқауы ретінде «Бәйтерек» монументі алынған. Мультфильмде астаналықтардың өмірі суреттеледі және ару қаламыздағы маңызды нысандар: «Пирамида» (Бейбітшілік және келісім сарайы), «Ұшқыш тәрелке» (Цирк ғимараты), «Хан Шатыр» сынды ғимараттар көрініс тапқан. Сюжет желісі бойынша - қаскөйлер Тәуелсіздік күні мерекесінің шырқын бұзбақ ниетте тыныштық пен берекенің негізі болған - «Бәйтерек» өмір ағашындағы ғажайып Самұрық құсының күн тәрізді алтын жұмыртқасын ұрлап, сол арқылы әлемге астан-кестен орнатпақ болады. Бірақ фильм соңында әдеттегідей жақсылық жамандықты жеңеді.
Анимациялық фильмді түсіру идеясы продюсер Әбдіқадыр Сабыр мен оның ұлы Нұрсұлтан Сабырға тиесілі. Жоба авторы - Ерлан Әбен. Мультфильм «Астана-Комплекс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Бәйтерек» киностудиясында жасалды және оның ұзақтығы - 15 минут. Қазақ тілінде жарық көрген мультфильм орыс тілінде субтитрмен беріледі. Авторлар жуырда мультфильмнің келесі сериясын түсіруге кіріспек.
«Бәйтерек» мультфильмін 6 шілдеге дейін күнде «Кинопарк» кинотеатрлар желісінен көруге болады.