12:26, 11 Маусым 2009
Астана күні қарсаңында экономиканың әр саласында 18 жоба іске қосылады - Индустрия және сауда министрлігі
АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астана күні қарсаңында, яғни шілденің 6-ына қарай 18 инвестициялық жоба іске қосылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, шілденің 6-ына қарай іске қосылатын жобалардың саны 18-ге жетіп отыр. Олардың құны 78 миллиард теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асыру барысында 3 мың 700 жұмыс орны қамтылған. Бұл жобалар еліміздің 7 аймағында жүзеге асырылмақ.
«Жалпы айтқанда, шілденің 6-ында Ақтөбе облысында 10 жоба, Қызылорда облысында - 1, Қарағанды облысында -1, Маңғыстау облысында - 2, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Оңтүстік Қазақстан облысында -1, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында бір-бірден жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал қалған өңірлерде шілде айында мұндай мүмкіндіктер жоқ», - деді ол.
Ә. Исекешев екінші топта 2009 жылы іске қосылатын құны 469 миллиард теңге көлеміндегі 107 жоба бар екенін айтып өтті. Бұл жобалар аясында 13 мың жұмыс орны жасақталмақ.