Астана күні қарсаңында I халықаралық сиқыршылар фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 5-6 шілде күндері Астана қаласында I халықаралық «Magic Astana» - «Сиқырлы Астана» иллюзионистер фестивалі өтеді, деп хабарлайды Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабы.

Бұл елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған бірегей жоба. Бұрын-соңды өткізілмеген фестивальді ұйымдастырушылар енді жыл сайын жүзеге асырмақ. Елорда төріне әлемнің түкпір-түкпірінен сиқыр өнерінің кәсіби саңлақтары келетін болады. Екі күндік шоу барысында магиялық өнердің майын ішкен майталмандар Бейбітшілік және келісім сарайында жиналғандарға екі күндік шоу ұсынады.

Бағдарлама кең ауқымды. Көзді ашып-жұмғанша талай қызықтың куәсі боласыз. Өз ісінің шеберлері бұрын-соңды болмаған кереметтерді көрсетуге уәде етіп отыр. Фестиваль қонақтарының арасында «отқа түссе жанбайтын» ағайынды Сафроновтар бар. Олардың аналогы әлемде жоқ. Эксклюзивті бағдарламаларын өздері дайындайды. Олардың айналасында Ресей, Жапон, Америка мемлекеттерінің мамандары жұмыс істейді. 2012 жылы «Адамды тірідей өртеу» нөмірлерімен елдің зәресін ұшырған. Тікелей эфирдегі өрттен есін жия алмай жүргендер, көз алдындағы кісіні көміп тастап немесе арамен бөлшектеп бөліп тастағандарын көріп жағаларын ұстаған. Бұл өнерді осы уақытқа дейін телеарнадан немесе ғаламтор беттерінен көріп жүрген астаналықтар енді тікелей тамашалай алады. Ресейдегі фокус өнерімен айналысатын жалғыз қыз Александра Скачкова да тікелей эфир арқылы танылғандардың бірі. Фокусниктер мен иллюзионистердің «Удиви меня» тележобасының ақтық сынында топ жарған. Александра залдағы халықпен тікелей жұмыс істегенді ұнатады. Көрермен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, қайран қалдырады. «Удиви меня» шоуының 3-маусымдағы тағы бір жеңімпазы Антон Абрашеков. Ол фокусник-манипулятор ретінде ұшқан құс, жүгірген аңды қыбыр еткізбейді. Он жылдық тәжірибесі бар тағы бір талант елімізге қуана-қуана қадам басатынын жеткізіпті. «Удиви меня», «Уличная магия» жобаларының қатысушысы Александр Муратаев төрде отырған қалыңдықты той үстінде тығып қоятын өнерімен ерекшеленеді.

Он жылға жуық ертегі әлеміне жетелеп жүрген талантты артис Павел Карахтанов та құр келмейді. Көрермендер бұл өнер иесімен Ресей арналары арқылы жақсы таныс. Әр жолы бағдарлама жүргізушілері оның қимыл-әрекетін операторлардың түсіріп үлгере алмайтындықтарын айтып, бас шайқаған. «Феномен», «Таңғажайып адамдар» шоуының жеңімпазы, сондай-ақ «Украинаның бірінші феномені» атанған Артем Тихевич «Бейбітшілік және келісім» сарайын дүр сілкіндіретініне сенімді. Ол өз өнерін ерекше бағалайтындардың бірі. Психологиялық, магиялық қасиеттер мен ішкі түйсігі арқылы жұмыс істейді. Мәселен, бала кезінде Артем мультфильм көргісі келсе, әкесі тамашалап отырған футбол арнасын оп-оңай ауыстырып жіберетін көрінеді. Қырғыз елінің жоғары санатты сиқыршысы, IBM мүшесі, американдық SAM бауырластық клубының мүшесі, Еуропада өткен «Битвы магов» және басқа байқаулардың жүлдегері Ильдар Ягофаровтың қолына түскен дүние сол сәтте ғайып болады. Басқа біреудің қалтасынан табылуы мүмкін, не аспанға ұшып жоғалады. Ауада қалықтап, күлге айналады. Қырық бөлінген қағаз ақша қайта қалпына келеді. Адамдар «ұшып», қасық-шанышқылар қол тигізбесеңіз де өздері қимылдап, аузыңызға ас салады. Қысқасы, мұның бәрін көрген де, көрмегенде арманда. Голландық иллюзионистердің «Magic Unlimited» тобы әріптестерін мың орайтын ойлары бар. Құрамында карташылар мен жорамал жасаушылар, адамдық кейіптен шығып басқа образға оп-оңай айналып кететіндер, жоғалып-табылатындар, «өліп-тірілетіндер» толып жатыр. Қорыта айтқанда, асқақ Астананың мерейлі күндері «Magic Astana»-«Сиқырлы Астана» иллюзионистер фестивалі естен кетпес естеліктер қалдырмақ.