Астана күні қарсаңындағы шахмат додасы өтті

АСТАНА. Маусымның 28-і. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Л.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінің базасында Украинаның Қазақстандағы елшілігінің бастамасымен дипломатиялық өкілдіктердің командалары арасында жедел шахматтан халықаралық турнир өтті. Ол Украинаның Конституциясы күніне және Украина Жоғарғы Радасының Республика тәуелсіздігі туралы декларацияның жариялағанына 20 жыл толу құрметіне арналды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі..

Турнирді ұйымдастырып отырған Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Николай Селивон жарысты ашып, жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтап, ҚР Президент Әкімшілігі, Парламент Сенаты мен Мәжілісіне, сондай-ақ, Ресейдің, АҚШ-тың, ГФР-дң, Қазақстан СІМ-нің дипломатиялық өкілдеріне және турнирді өткізіп отырған Еуразия университетіне алғыс білдірді.

Мәжіліс командасын бұл турнирге Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Валерий Вишниченко бастап барды.

Жарысқа Қазақстан шахматының атын шығарған халықаралық гроссмейстер, республиканың бірнеше мәрте чемпионы, бүгінде ҚР Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкері Дәрмен Сәдуақасов пен ГФР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетердің қатысуы айырықша көрініс берді.

Шахмат алаңында бәрі де жеңіс үшін шынайы «шайқасқа» түсті.

Жеңістің бас тұғырында Дәрмен Сәдуақасовтың командасы, одан кейін Еуразия университеті тұрды. Үшінші жүлделі орынды депутат Валерий Вишниченко мен Парламент Шаруашылық Басқармасы инженерлік орталығының өкілі Марат Қожахметов құрамына енген Парламент Мәжілісінің командасы иеленді.