Астана күні мерекесінде алғаш рет үш жерде отшашу ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 шілдеде сағат 22.30 Астана күніне орай мерекелік отшашу ұйымдастырылады. Салютті алғаш рет қаланың үш түрлі жерінен ату жоспарланып отыр, деп жазады қала әкімдігінің ресми сайты.

Отшашудың бірінші нүктесі Есіл өзенінде, Астаналық паркке қарсы, екіншісі Хан Шатырға қарсы және үшіншісі «Қазақстан» СК-не қарсы орналаспақ.

Биыл пиротехникалық шоу бәрінің де көңілінен шығады. Оның бір ерекшелігі - судағы арнайы эффектілер. Есіл өзенімен «отты кемелер» жүзеді, гүлді гейзерлер атқылады, су үстінде Астананың символы - «Бәйтерек» бейнесі жасалады.

«Қазақстан Салют» компаниясының президенті Вадим Гостевтің айтуынша, мерекелік салют атуды ұйымдастыруға 20-ға жуық кәсіби пиротехник тартылды. Жалпы, 5 мың пиротехникалық снаряд қолданылмақ. Салюттың ұзақтығы - 5-20 минут.