Астана күні мерекесінде қоғамдық тәртіп бұзушылықтар болған жоқ

АСТАНА. 7 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 4-6 шілде аралығында Астана күні мерекесіне орай өткізілген іс-шаралар барысында қоғамдық тәртіп бұзушылықтар орын алған жоқ.

Бұл туралы Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарланды.

Тоқтала кететін жайт, 4-6 шілде аралығында 67 қоғамдық-саяси, мәдени-ойын сауық, спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілген. Оның 8-іне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Осыған орай, Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметі 4-6 шілде аралығында күшейтілген тәртіпке ауыстырылды. Тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Астана қалалық ІІД барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Бұған қоса, қоғамдық тәртіптің күзетіне Теміртау, Қарағанды, Павлодар мен Петропавл қалаларынан ішкі әскер бөлімінің әскери қызметкерлері тартылған.Бұдан бөлек, іс-шараларды өткізу мен оған әзірлік барысында ІІД қызметкерлерімен 12 нысанды тәулік бойғы күзету қамтамасыз етілген.