Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бюджеттен бөлінген 107 млн теңгеге ауданы 1800 шаршы метрді құрайтын мұражай құрылысы былтыр шілде айында басталып, осы жылғы шілдеге дейін «Жер-Су-Жол-Сервис» ЖШС-мен жүргізіліп, уәделі мерзімде тапсырылды.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Айтөреев, аудан әкімі А.Абдуллаев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Г.Аренова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мұражай халықтың игілігіне қызмет көрсете берсін деген тілектерін айтысты.
Құрылыс жұмысын жүргізген «Жер-Су-Жол-Сервис» серіктестігінің бас инженері Қанат Ержігіт жаңа нысанның кілтін аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Нұрлан Сымайыловқа салтанатты түрде табыс етті. Ғимараттың ашылу салтанатына куә болған еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары ел игілігіне беріліп отырған музей үйінің іші-сыртын аралап көрісті. Талапқа сай салынған қос қабатты ғимараттың көркіне көздері тойған еңбек ардагерлері «бұл нысан Астана күніне лайықты тарту болды» десті.