Астана күні мерекесіне орай, елордаға қатынайтын әуе және теміржол жолаушылар көліктерінің саны арттырылды
Елорда күнінің маңызы артқан сайын, мереке күндері қалаға ағылатын қонақтардың легі де жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай, көлік тасымалымен айналысатын кәсіпорындар оңтайлы шешім қабылдап, қосымша көлік құралдарын шығаруды ұйғарды.
Мәселен, шілденің 3-і күні «Эйр Астана» авиакомпаниясы «Алматы - Астана - Алматы» бағытында қатынайтын «Эйрбас» ұшақтарын «Боингке» алмастырып, қосымша рейстер ашты. Нәтижесінде аталмыш бағыттағы орындар саны 650 бірлікке көбейді.
Сонымен бірге, теміржол көлігі әкімшілігінің шешіміне сәйкес, Астана күні атап өтілетін шілденің 1-6 күндері, жолаушы пойыздары қатынайтын 23 бағыт бойынша 60 қосымша вагон қосылды. Олардың дені Астанаға қатынайтын және ол арқылы өтетін пойыздарға тіркелуде.
Әуе және теміржол көлігіндегі өзгертулер мен толықтырулар жайлы ақпаратты әуежай мен теміржол вокзалдарының анықтама қызметтерінен алуға болады.