Астана күні: Үш күндік мереке өз мәресіне жетеді

None
АСТАНА. Шілденің 6-сы. ҚазАқпарат - Бүгін үш күнге созылған Астана күні мерекесі өз мәресіне жетеді. Алайда бүгін елорданың скверлері мен саябақтарында, алаңдарында өтетін мерекелік мәдени іс-шаралар алдыңғы екі күннен асып түспесе кем болмайтын сияқты.

Сонымен ұйымдастырушылар бүгін де тұрғындар мен астана қонақтарын, олардың балаларын жайлы, жарқын сауық-сайранға толы «Айналайын» қалашығында көңілін көтере алады. Сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін Студенттік саябағында («Қазақстан» спорт кешенінің ауданы), «ҚазМұнайГаз» алдындағы алаңда, Б. Момышұлы даңғылы бойындағы «Жерұйық» саябағында, Астаналық саябақта, қалалық алаңда, сондай-ақ «Жастар» сарайының алаңында үлкен ойын-сауық бағдарламалары жұмыс істейді. Ол тек балаларды ғана емес, ата-аналарды да, апа-аталарды да, астана күніне жиналған, балалықпен қоштасқысы келмейтіндердің барлығын да қуанышпен қарсы алады.

Бүгін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінің соңғы күні. Қалалықтар бүгін қажетті азық-түліктерді орташа нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен сатып алуға мүмкіндігі бар. Сағат 10:00-ден бастап қаланың үш ауданында, Абылай хан даңғылы бойында, Есіл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы және «Шапағат» базары аумақтарында ұйымдастырылған өндірушілердің бағасымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеге Астананың және Ақмола мен Қарағанды облыстарының 60-тан астам тауар өндірушілері қатысады.

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі бүгін аяқталады. Алайда сағат 11:00-ден бастап Астаналық саябақта көрермен назарына көңілді бағдарламалар, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің, қазақ инструменталдық музыкасының, «Қоңыр» этно-тобының концерттері, «Жыр-термелер» эпикалық музыкалық бағдарламалар ұсынылады, сонымен қатар этноауылдардан түрлі кәдесыйлар сатып алуға мүмкіндік бар.

Ал сағат 12-де Конгресс-холл сарайының алдындағы алаңда балаларға арналған «Балалар аралы» атты бағдарлама өтеді. Астана қаласының құрдастарының арасында өткізілетін «Астананың кішкентай сұлтаны - 2010», «Астананың кішкентай аруы -2010» IX қалалық байқауы ең танымал әрі қызықты балалар жобасының біріне айналды. Аталмыш жобаға қатысушылар мен жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімінде оларға бағалы сыйлықтар табысталады.

Сонымен қатар дәл осы уақытта қалалық алаңда «Аспаздардың шеберлігі - сүйікті қалаға» атты аспаздық жәрмеңкенің жеңімпаздары анықталады. Үш күннің ішінде Астананың атақты мейрамханалары, дәмханалары мен аспаздық орындары қазылар алқасы мен халықтық сарапшыларға әртүрлі ұлыстардың асханалары мен өздерінің фирмалық тағамдарын ұсынады. Аспазшылардың арасынан ең үздігін анықтауға кез келген зауықты адам қатыса алады.

Жастар үшін жеке бағдарлама әзірленген. Сағат 12-де «Астана мега орталығы» сауда ойын-сауық орталығының алаңында «Экстрим толқыны» атты көңілді шоу өтеді. Жарысқа Астана, Қарағанды, Көкшетау, Теміртау қалаларынан келген 8 үздік брейк-даныс ұжымы, паркур бойынша Қазақстанның 12 үздік командасы, скейтбординг пен роллингтің 15 маманы қатысады.

Өзін суретші ретінде бағалап көруге кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Оларды Есіл өзенінің жағалауында Қазақстан суретшілерінің «Астананың жас келбеті» плэнері күтеді.

Астаналық циркте «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің Халықаралық фестивалі бүгін аяқталады Фестиваль бағдарламасында үнді пілдері, уссурий жолбарыстары, африкалық арыстандар, түйелер, аттар, сондай-ақ Кения мен Қытайдан келген әртістердің бірегей акробатикалық көріністері, әуеде өнер көрсететін әртістер және сайқымазақтардың өнерлері көрермен назарына ұсынылады. Мәдени іс-шараға қатысушылардың арасында Мәскеу, Қытай, Латын Америкасы, Монте-Карлода өткен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары бар.

Сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта «International street dance session» in Astana шоуының қорытынды кезеңе өтеді. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары түрлі бағыттар мен стильге бөлінген көше мәдениеті сайыстарының куәгері бола алады.

Астана қаласының 12 жылдық мерейтойын тойлау бағдарламасына сәйкес, америкалық танымал орындаушылар Николь Генри және Кимберли Дэвистің қатысуымен джаз кеші өтпек. Олардың әрқайсысы жеке орындауда өнер көрсеткенімен, бір концерт алаңында кездескенде жұптаса джаз орындаудан бас тартқан емес. Николь мен Кимберлидің бірлескен шығармашылық өнерлерін бүгін сағат 18:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында тамашалауға мүмкіндік бар.

Сағ. 18:00-де миллиондаған тыңдармандардың сүйікті әншісі, посткеңестік кеңістіктегі ең танымал орындаушылардың бірі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Александр Серов Астана төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залында ән шырқайды. «Қазақстан» орталық концерт залында «Мадонна», «Музыка венчальная», «Ты меня любишь», «Я люблю тебя до слёз» сынды халықтың жүрегінен орын алған қайталанбас орындаудағы тамаша туындылар шырқалатын болады. Ал рояльдің тізгіні ән авторы - Игорь Крутойдың еншісінде.

Ал 20:00-де «Астана-Арена» алаңында қазақстандық, ресейлік және шет ел эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Асқақтай бер, Астана!» концерті өткізіледі. Қазақстан, Ресей, шет елдің танымал жұлдыздары өнер көрсететін ғажайып гала-концерт қала күніне орай алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Алайда аталмыш концерт астаналық жастар мен мереке қонақтарының көпке дейін есінде қалады деп жоспарлануда. Мерекелік концертке асыға келген қала тұрғындары мен қонақтары төрт сағат бойы танымал орындаушылардың әйгілі әндерін тамашалайтын болады. Концерт қонақтары - отандық эстраданың танымал әртістері мен әлемдік хит-парадтардың алдыңғы шебін иемденген шет ел жұлдыздары. Биылғы жылы Астананың туған күні мерекесінің қонақтары есебінде Сергей Лазарев, «Город 312» тобы мен «Инь-Янь», «А'Студио» шақырылды. Қазақстандық тыңдармандар танымал орындаушы r&b Ne-Yo мен Morandi сынды әйгілі топтың өнеріне Астана төрінде куә болады. Әлемге әйдік әншілердің мерекелік шашуы естен кетпес нағыз жұлдызды сәтке айналады деп күтілуде.