09:48, 19 Маусым 2009
Астана күнінде асық ойынынан жарыс өтеді
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астананың 11 жылдық тойы қарсаңында, шілденің 5-і күні Астана саябағының ішінде арнайы тегістелген алаңда «Алтын сақа» асық ойыны болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі және жарыстың бас төрешісі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Жомарт Сабыржанұлының сөзіне қарағанда, бұл ойын тұңғыш рет өткізілгелі отырған көрінеді. «Асық ату ? ертеден келе жатқан дәстүрлі ұлттық ойын түрі. Оның өлкелік ерекшеліктері де сан алуан. Мысалы, Сыр өңіріне тән ойын түрлерін Арқа қазақтары басқаша дәріптейді. Сол сияқты, шығыс пен батыстың өзіндік ойын ерекшеліктері бар», - дейді ол. Ж. Сабыржанұлының айтуынша, қалалық біріншілік «Алшы» және «Бес табан» ойын түрлері бойынша өтеді. Жарыс ересектер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылады. Бұған дейін мектептер мен аула клубтарында іріктеу ойындары болды. Әзірге 100-ге тарта оқушы қатыспақ. Бірақ, қатысамын деушілерге шек қойылмайды. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар бар. Соңында, барлық қатысушылар «Алтын сақа» жүлдесі үшін сайысқа түседі. Бұл бір ғана адамға беріледі.
Тұңғыш рет өтіп отырған қала біріншілігіне асық ойынын зерттеп жүрген этнографтар мен ұлттық руханият саласының өкілдері, қаламгерлер Сейіт Кенжеахметов, Ақселеу Сейдімбек бас болып, бірнеше танымал тұлғалар қазылық етеді.