16:38, 18 Маусым 2009
Астана күнінде спорттың бірнеше түрінен жарыс өтеді
АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астананың 11 жылдық тойына орай бұқаралық спорт түрлерінен бастап, кәсіби спорт түрлерінен де түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Оған еліміздің кәсіпқой спортшылары мен шетелдік майталмандар қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шілденің 4-інде «Думан» ойын-сауық кешенінің алдындағы алаңда стритболдан жарыс өтеді. Оған кез-келген спорттық дайындығы бар астаналық қатыса алады. Әрі облыстардан да командалар шақырылды. Алдан-ала болжам бойынша, барлығы 120 команда 600-ге тарта спортшы қатысады. Шілденің 5-інде «Астана кубогы» дәстүрлі веложарысына қазақстандық шабандоздармен қатар, шетелден де спортшылар шақырылып отыр. Барлығы 500 велосипедші қатыспақ. Шабандоздар жарысы елордалықтардың көз алдында өтеді. Мәре Орталық стадионнан басталады. Көмбе ? «Бәйтерек» ескерткіш кешені.
Шілденің 3-і мен 5-і аралығында Ұлттық теннис орталығында өтетін «Астана ? 2009» халықаралық спорттық би турниріне еліміздің және шетелдік шеберлер қатысады. Олар IDSF жоғары санаты бойынша 3 чемпионатта бақ сынайды. Астаналықтар вальс, фокстрот, экспрессивті танго, самба, ча-ча-ча, румба ырғағында тербелген би жұптарының өнерін тамашалайды.
Ал, шілденің 1-5-і аралығында «Қазанат» спорт кешенінде ат спортынан Президент кубогының жарысы өтеді. Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы, ауыр атлет Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан жарыс болады. Ол шілденің 3-і күні Астана циркінің алаңында жалауын көтереді.