Астана күніне арналған мерекелік іс-шараларды жарты миллионнан астам адам тамашалады

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - 9 шілде күні Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов әкімдік кеңесінде Елорда күнін мерекелеудің қорытындыларына баға берді.

Бұл туралы қала басшысының баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Әрқайсыңа өз учаскелерінде атқарған еңбектерің үшін алғыс білдіргім келеді. Мемлекет басшысы осы шаралардың өткізілу деңгейі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтуде», - деді әкім.

«Біз сіздермен бірге жоспарланған барлық 78 іс-шараны өткіздік. Жалпы алғанда аталған шараларды көруге жарты миллионнан астам адам келді. Мереке күндері қалада 20 үлкен концерт болып өтті, оларға 70 мыңнан астам билет сатылды. 300 мың елорда тұрғыны мен қала қонақтары ашық алаңдарға келіп, аралап қайтты. Астана күнін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына 10 мыңға тарта адам жұмылдырылды», - деп хабарлады И.Тасмағамбетов.

Әкім БАҚ-тың белсенді ақпараттандыруының арқасында еліміздің барша тұрғындары мерекелік шараларды көре алғандығын атап өтті.

Әкімнің айтуынша, Елорда күніне арналған іс-шараларды ақпараттандыруға 1 мыңнан астам БАҚ өкілдері тіркелді, оның 100-ге жуығы - шетелдік медиа-агенттіктер.

Еске салайық, Астананың 14 жылдығына арнап ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға сатылған билеттерден 20 млн. теңге түсті. Қаражат дәстүр бойынша қайырымдылық мақсатқа жұмсалды. Биыл 25 мүгедек аталған қаржыға ем-дом алатын болды.