2 шілде күнгі мерекелік шаралар отау құруды жоспарлаған жұптардың салтанатты неке қию рәсімімен басталады. Жас жұбайлар әдетте бақыт әкеледі деген ырыммен тойларын елеулі даталарға сәйкестендіріп өткізуге тырысады. Сондай күндердің бірі - Астана күні. Қос мерекеге арналған салтанатты түрде неке қию рәсімі - көркем де қызықты жоба. Статистикалық деректерге сүйенсек, Астана күні қарсаңында некелесуді ниет еткен жұптардың саны Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша жылдан-жылға артып келеді екен.
Биыл қала күніне орай салтанатты жағдайда 40 жұптың некесі қиылады. Рәсім сағат 12.00-де «Атамекен» этно-мемориалды кешені, «Думан» ойын-сауық орталығы және «Отан қорғаушылар» монументі алдындағы алаңда өтеді.Жас жұбайларға мерекелік бейнелемесі бар неке қию туралы куәлік салтанатты түрде табысталғаннан кейін шашу шашылып, торт кесу рәсімі болады. Одан кейін көкке ақ көгершіндер ұшырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұптарға әзірленген бірқатар тосынсыйлар мен сыйлықтар бар.
Ал 17.00-де К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында «Терең тамырлар» аллегориялық драмасы сахналанады. Онда Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері ел тәуелсіздігінің орнауы, қалыптасуы мен дамуындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөлін көрермендерге шығармашылық шеберлік арқылы жеткізуге тырысатын болады. Спектакльдің оқиғасы Астана қаласы маңындағы орман ішінде өтеді. Әр талдың «бейнесі» мемлекетіміздің дамуы, қалыптасуы кезіндегі, түрлі уақыттағы адамдардың образымен сәйкестендіріледі. Қойылым өзегі - ғасырлар бойы бейбітшілікке ұмтылған ұлтымыздың арман-мұраты тоғысқан тәуелсіздік нышаны - Астана.
18.00-де «Опералия - 2011» VI халықаралық музыкалық фестивалінің аясында «Қазақстан» Орталық концерт залындаәлемдік балет жұлдыздарының гала-концерті өтеді. Концертке балет өнерінің қазақстандық тарландары, Еуропаның белгілі солистері Надежда Сайдакова, Яна Саленко, Дина Тамажлакару (Германия), Владимир Малахов (Австрия), Юргита Дронина (Латвия), Йоэль Карреньо (Куба), Томас Лунд (Дания) қатысады деп күтілуде.
Еске салайық, «Опералия - 2011» VI халықаралық музыкалық фестивалі 29 маусым күні басталды. К.Байсейітова атындағы ҰОБТ-да екі күн қатарынан итальяндық композитор Джакомо Пуччинидің «Манон Леско» операсының тұсаукесер қойылымдар жүрді. Қойылым режиссері - Ресейдің халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров. Қойылым дирижері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
Жоғарғы классика өнерінің «Опералия» фестивалі ҚР Мәдениет министрлігінің ұйытқы болуымен Астана күні мерекесіне орай 2005 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Фестивальдің арқасында Астана тұрғындары мен қала қонақтары Ла Скала, Метрополитен Опера, Вена операсы, Ресейдің үлкен театры, Ковент Гарден корольдік театры, Париждік Гранд Опера, Мариин театры сынды әлемнің үздік театрларындағы балеттің көрнекті солистерінің және танымал опера әншілерінің өнерімен танысуға мүмкіндік алып келеді.
Ал эстрада әндерін сүюші қауым бұл күні ҚР Халық әртісі, әнші Роза Рымбаеваның концертін тамашалай алады. Тыңдармандарын Конгресс-Холл сарайында сағат 18.00-де тосатын әнші, ҚР еңбек сіңірген дирижер Александр Аблаевтың дирижерлік етуіндегі эстрадалық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен өз репертуарындағы халық сүйіп тыңдайтын әндерді және Еркін Ынтықбаевпен қосылып, «Темная ночь», «Землянка», «Старый клен», «Куә бол», «Бiр бала», «Керім-ай» сынды халық әндерін шырқайтын болады.