Астана күніне арналған шараларды тамашалауға 23 шет ел мен Қазақстанның барлық өңірлерінен 2 мыңнан астам қонақ келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күніне орай елордада 100-ден астам түрлі мәдени шара өтті. Мереке күндері бойы елорда тұрғындары мен қонақтары сан-алуан фестивальдер мен түрлі қойылымдардың куәсі болды, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінен.

Мәселен, Астананың саябақтарында халықтық серуен өтіп, онда көңіл көтерерлік концерттік бағдарламалар мен балаларға арналған қойылымдар және сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы мерекелік шаралардың басым бөлігі ашық алаңдарда ұйымдастырылып, елорданың әрбір тұрғыны мерекелік көңіл-күйде сезіне алды.

Астана қалалық ішкі істер департаментінің ақпаратына қарағанда, елорда күніне арналған шараларды тамашалауға 23 шет ел мен Қазақстанның барлық өңірлерінен 2 мыңнан астам қонақ келген. Осыған орай қала халқы мен қонақтардың тыныштығын қорғауға Ішкі істер министрлігі Орталық аппаратының 70-тен астам қызметкері жұмысқа тартылған. Астана күнінде еш төтенше оқиға орын алған жоқ.

Қала қонақтарының айтуынша, қала күніне арналған барлық мерекелік шаралар өте жоғары деңгейге өтті. Олар елорда көшелерінде ұйымдастырылған түрлі концерттерді тамашалауға мүмкіндік алды. Мәселен, алғаш рет астанада үш күн бойы әлемдік жұлдыздардың қатысуымен қазіргі заман музыкасының фестивалі ұйымдастырылды. Әсіресе, Голливуд актері, продюсер әрі режиссер Стивен Сигалдың қатысуымен өткен жекпе-жек өнерінің І халықаралық фестивалі көрерменді тәнті етті. Мұнан бөлек, International street dance session атты көше биі фестивалі де Еуропадан келген шетелдік қонақтардың, елордалықтардың көңілінен шықты.