Бұл - ҚБФ кубогының төртінші маусымындағы екінші жеңіс. Астана 2010 жылы бірінші маусымда өңірлік бокс федерацияларының арасында чемпион атанған болатын. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.
14-15 желтоқсанда Астанада «Дәулет» спорт кешенінде 4 команданың арасында жартылай финалдық және финалдық кездесулер өтті. Жартылай финалға қатысатын төрт команданың үшеуі бұған дейін де Қазақстандық бокс федерациясының жүлделерін иеленген болатын. Астана қаласының құрамасы 2010 жылы, Қарағанды облысы 2011 жылы, Маңғыстау облысының өкілдері 2012 жылы аталған Кубокты жеңіп алған еді. Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасы екі рет (2010, 2012 ж.ж.) осы жарыстың ақтық сынына дейін жеткен.
Жартылай финалдың бірінші матчта қосымша кездесудің қорытындысы бойынша Астана қаласының құрамасы 6:5 есебімен оңтүстікқазақстандықтардан басым түсті.
Ал Қарағанды облысының командасы 7:3 есебімен Маңғыстау облысының былғары қолғап шеберлеріне есе жіберді.
15 желтоқсанда Астана құрамасы Маңғыстау облысының спортшыларымен жұдырықтасып, 6:4 есебімен жеңіп, Қазақстандық бокс федерациясы Кубогына екінші рет қол жеткізді.
Жеңімпаздарға Кубокты Қазақстандық бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев табыс етті. Елордалық команданың сапында Азат Камзин (49 кг), Ільяс Сүлейменов (52 кг), Мейірболат Тоитов (56 кг), Мейірім Нұрсұлтанов (69 кг), Василий Левит (91 кг) пен Ермек Үсенов ( 91кг), ал Маңғыстау облысының құрамасынан 2013 жылғы Әлем чемпионатының жүлдегері Берік Әбдірахманов (60 кг), Жәнібек Әжібай (64 кг), Ерік Әлжанов (75 кг) және Олимпиада-2012 мен соңғы екі Әлем чемпионатының финалисті Әділбек Ниязымбетов (81 кг) ақтық сында жеңіске жетті.