Астана құрылысында туды тұрмыстық мақсатта пайдаланған жоқ - Әкімдік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы ішкі саясат басқармасында БАҚ-та сол жағалауда Бас прокуратура ғимараты жанындағы құрылыста Қазақстанның мемлекеттік туын еден жуатын шүберек ретінде пайдаланды деп жариялаған ақпаратқа түсініктеме берді.

Астана қ. Есіл ауданы ІІБ ЖПҚ қызметкерлері салынып жатқан нысанды тексерді. Сығанақ көшесінің оңтүстігіне қарай Орынбор көшесі бойынша «Қонақүй-кеңсе кешені» нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан «Agulan PVC» ЖШС  құрылыс фирмасының директоры Хамитов аталған факті бойынша түсінік берді.

Қазақ оюы бар көгілдір түсті мата мемлекеттік ту емес екені, бұдан бұрын киіз үйге жамылғы ретінде пайдаланғаны анықталды. Мата жарамсыз болған соң оны қоршауды безендіру үшін пайдаланған.

Қазір оны құрылыс алаңында шымылдық ретінде пайдалануда.

Астана ішкі саясат басқармасында ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес ҚР мемлекеттік нысандарын қорлағаны үшін екі мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады, не екі жылға дейін бостандығынан шектеледі не сол мерзімге бас бостандығынан айырылатынын ескертті.