Астана логистикалық хабы 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы логистикалық хаб 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астанада ресейлік Ozon компаниясының фулфимент орталығының құрылысы аяқталды. Логистикалық хаб қазақстандық кәсіпкерлерге онлайн-бизнесті ұлғайтуға, бірінші кезекте интернет-тапсырыстарды өңдеуге, тауарды тұтынушыға дейін жеткізу мерзімін қысқартуға және өңірде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Қайрат Төребаевтың дерегінше, бүгінде аталған алаңда шамамен 15 мың отандық сатушы тіркелген. Өткен жылдың қорытындысында олардың сауда-саттық көлемі 10 млрд теңгеден асып түсті.

«Әлемдік алаңдармен ынтымақтастық шикізаттық емес экспортты ілгерілету, Қазақстаннан тауарлар жеткізу көлемін арттыру, сонымен қатар компанияларымызға қызығушылық тудыратын жаңа мүмкіндіктер ашу үшін түрткі болады. Осыған байланысты аталған бағыттағы қарқынды жұмыс жалғасады», - деді вице-министр.