«ҚазАқпарат» тілшісінің сауалына жауап бере отырып, компанияның баспасөз хатшысы Айгүл Жамалова жаңа бақылау қызметі екі топқа бөлініп жұмыс істейтінін айтты.
«Бірінші топ - қоғамдық көліктерде орын алған тәртіп бұзушылықтарды анықтап, бақылауында ұстайтын желідегі қызметкерлер. Екінші топ - осы тәртіп бұзушылықтарды тіркеп, құзырлы органдарға жеткізетін заңгерлер», - дейді баспасөз хатшы.
А.Жамалова атап өткендей, бұл бақылау қызметін полиция қызметкерлерімен, болмаса, құқық қорғаушылармен шатастыруға болмайды.
«Біздің міндетіміз - полицияның жұмысын қайталау емес, керісінше, көмек беру, тиісті органдармен өзара байланыс орнатып, айыппұлдарды реттеу. Сондықтан, жаңа бақылау қызметін құру - әкімшілік полиция басқармасымен ақылдасқан мәселе. Бұл жобалардың барлығы Астанадағы көлік кешенін жаңғыртудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда»,-деп түсіндірді А.Жамалова.
Жаңа көлік бақылау қызметі қоғамдық көліктердегі заң бұзушылықтарды, яғни, тіпті, қоғамдық көлікте билет бермейтін кондукторлардың әрекетін бақылап отырады.
«Көлік бақылау қызметі жолаушыларды ғана емес, кондукторлар мен көлік жүргізушілерін де тексеріп отырады. Себебі, қазір көлік жүргізіп келе жатып, темекі тартатын, болмаса, ұялы телефонмен сөйлесетін жүргізушілер кездесіп жатады. Тіпті, дөрекілік танытқан кондукторлар мен көлік жүргізушілеріне де айыппұл салу, болмаса, ескерту айту мәселесін осы жаңа қызмет өз құзырына алады», - деп толықтырды А.Жамалова.