«Нақты мәліметтерге сәйкес, 1966 жылы туған автобус жүргізушісі апат кезінде ұялы телефон қолданбаған және алкогольді мас күйінде болмаған. Рейс алдында жүргізуші медициналық тексеруден өткен, денсаулығы қанағаттанарлық (артериалдық қан қысымы 110/70) болғандықтан көлік құралын басқаруға жіберілген», - деп жазды Астана LRT баспасөз хатшысы Науат Азанбаева Facebook желісінде.
Оның айтуынша, автобустың да еш ақауы болмаған және ол барлық техникалық талаптарға сәйкес келген.
«Қазіргі уақытта жол-көлік апатының себептері егжей-тегжейлі анықталып жатыр. Оқиға туралы шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауларыңызды сұраймыз», - деді Н. Азанбаева.
Еске сала кетсек, 26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобус пен жеңіл көліктің қатысуымен жол апаты болды. Қаламаңы бағдарындағы №301 автобус жүйіткіген күйі бағдаршамға тоқтап тұрған №12 жолаушылар автобусын соқты. №12 маршрут екпінмен өз алдындағы № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне соғылды.
Astana LRT өкілінің хабарлауынша, №301 автобус жүргізушісі Абай Оспанов таңғы 6.30-да рейске шығарда медициналық тексеруден өткен және денсаулығынан еш кінәрат байқалмаған.
Тиісті медициналық сараптамадан кейін жол апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді.
Соңғы ақпарат бойынша, оқиғадан зардап шеккендер саны 36-ға жетті.