«Құрметті қоғамдық көлік қолданушылар! Сіздерден автобус ауыстырып мінгендегі тегін жүру мүмкіндігі 30 минут көлемінде ғана әрекет етеді деген ақпарат келіп жатыр. Осыған орай кейбірлеріңіздің карта нөмірлеріңізді сұрап, жүйе арқылы тексердім, тексеріс бойынша ешқандай қателік орын алмаған. Яғни жолаушының автобус ауыстырғандағы тегін жүру жүйесі ақаусыз жұмыс істеп тұр», - деп жазды фейсбук парашасына Астана LRT баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.
Сонымен қатар, жолаушының автобус ауыстырғанда көлік картасын валидаторға тигізген сәттен бастап 60 минут көлемінде тегін жүру мүмкіндігі барын айтты.
«Яғни, жолаушы автобусқа кіре сала көлік картасын валидаторға басуы қажет. Екінші автобусқа мінген жағдайда тағы да картаны валидаторға басуы керек, бірақ ол кезде төлем алынбайды. Автобус ауыстырғанда тегін жүру мүмкіндігін қаладағы ішінара автобустарда, экспресстен экспресске, экспресстен қала ішінде, қала маңынан қала ішінара қатынасында пайдалануға болады», - деді Н.Азанбаева.
Қала маңынан қала ішінара маршруттарды ауыстырғанда тегін жүру мүмкіндігі былай жүзеге асырылады:
-қала маңынан мінгенде көлік картасын валидаторға енгізіңіз, терминал экранынан «чек-ин» сөзі шығады;
-қала маңынан келген автобустан түсер кезде МІНДЕТТІ түрде картаны тағы валидаторға тигізіңіз, экраннан «чек-аут» сөзі шығады. Сол кездеп бастап жүйе сіздің қала ішінде 60 минут көлемінде тегін жүруіңізді қамтамасыз етеді.
-қала ішіндегі автобусқа мініп, көлік картасын валидаторға басқанда сіздің автобус ауыстырып мінгеніңіз шығады.